қазақша · русский · english
 
 
 
01.04.2026

«Қазіргі аударматанудағы өзекті мәселелер: аудармашының біліктілігі мен кәсіби шеберлігі» ғылыми-әдістемелік семинар

 

2026 жылғы 1 сәуір күні Әлем тілдері факультеті, Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазіргі аударматанудағы өзекті мәселелер: аудармашының біліктілігі мен кәсіби шеберлігі» тақырыбында ғылыми-әдістемелік, тәжірибелік семинар өткізілді. Семинарға кафедра меңгерушісі К.Х.Абрахманова қатысып, ғылым онкүндігі аясында өткізіліп отырған әдістемелік-семинардың маңыздылығына тоқталып өтті. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – аударматану саласындағы өзекті ғылыми және практикалық мәселелерді талқылау, болашақ аудармашылардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру болды. Семинар жұмысына оқытушылар, жас ғалымдар мен студенттер белсенді қатысты. Семинарға арнайы шақырылған қонақ – филология ғылымдарының кандидаты, SDU университетінің профессоры Б.О.Салықова семинар барысында қазіргі аударматанудың даму бағыттары, аудармашының кәсіби шеберлігін қалыптастырудағы негізгі факторлар, сондай-ақ сапалы аударманың критерийлері туралы жан-жақты тоқталды.

Спикер аударма үдерісіндегі жауапкершілік, тілдік дәлдік пен мәдени сәйкестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ф.ғ.к., кафедраның аға оқытушысы Н.Р. Шенгелбаева аудармашыларды даярлау мәселелері, білім беру үдерісіндегі инновациялық әдістер мен заманауи технологияларды қолдану тәжірибесі жөнінде мазмұнды баяндама жасап, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытудағы практикалық дағдылардың рөліне тоқталды. Іс-шара барысында студенттер аударматанудағы өзекті бағыттар, мәдениетаралық коммуникация мәселелері, терминологиялық дәлдік, сондай-ақ аударманың сапасын бағалау критерийлері жөнінде пікір алмасты. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикерлер толыққанды жауап беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды ғылыми алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар болашақ аудармашылардың кәсіби дамуына серпін беріп, ғылым мен білімнің өзара байланысын нығайтуға ықпал етеді.

 

  alt=    

 

  alt=  




Кері оралу