қазақша · русский · english
 
 
 
18.02.2026

III Республикалық слет «STEM, экология және цифрлық технологияларды мектепке дейінгі білім беру жүйесіне интеграциялау»

 

2026 жылғы 18 ақпанда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 012 – Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы бағыты бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің жұмыс жоспарына сәйкес «STEM, экология және цифрлық технологияларды мектепке дейінгі білім беру жүйесіне интеграциялау» тақырыбында мектепке дейінгі білім беру саласы қызметкерлеріне арналған III Республикалық слет өтті.

Слет жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология факультетінің өкілдері – Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұлбосын Қыякбаева және қауымдастырылған профессор Гүлбану Абитова қатысты.

Іс-шараның мақсаты – мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, жоғары оқу орындары, колледждер және мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты жетілдіру.

Слет қатысушыларына құттықтау сөзді Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Асхат Ерланұлы арнап, баланың жан-жақты тұлға болып қалыптасуында мектепке дейінгі білім берудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар педагогтердің цифрлық сауаттылығын қалыптастырудағы инновациялық экожүйенің тиімділігіне ерекше тоқталды.

Іс-шараның модераторы – Инновациялық білім беру факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Мұханбетжанова слет бағдарламасын таныстырып, жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады.

Баяндамашылардың сөздері мектепке дейінгі білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың әртүрлі аспектілеріне арналды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Мария Ерманова мектепке дейінгі білім беруді жетілдіру бойынша мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталды.

Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұлбосын Қыякбаева жасанды интеллект дәуірінде болашақ тәрбиешілерді даярлаудың жаңа модельдерін қарастырды. Кафедраның қауымдастырылған профессоры Гүлбану Абитова мектепке дейінгі жастағы балалардың ерте кәсіби бағдарлануын мектепке дейінгі білім беруді дамытудың маңызды факторларының бірі ретінде таныстырды.

Республикалық слет мектепке дейінгі білім беру саласындағы педагогикалық тәжірибеге жасанды интеллектіні енгізудің жаңа бағыттарын талқылауға арналған маңызды алаңға айналып, теория мен практиканы ұштастыруға, ғылыми және кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етті.

Слет аяқталғаннан кейін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисовпен кездесу өтті. Кездесу барысында мектепке дейінгі білім беру саласы үшін педагог кадрларды даярлау мәселелері бойынша жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықтың болашақ бағыттары талқыланды.

 

 

 

  alt=  

   


  alt=  

   

 

 

 

 

 




Кері оралу